Қазақ халқы үшін ең маңызды мереке – Наурыз.
Ендеше, Оқжетпес орта мектебінде де Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мерекесі бастауыш сыныптар арасында жоғары деңгейде атап өтілді. Бұл мерекеде балалар “Көктем”, “Наурыз” тақырыптарына арналған әндер шырқап, өлеңдер оқып, би билеп, салт – дәстүрден көріністер көрсетіп, ұлттық ойындар ойнаудан бір жалықпады. Сынып оқушыларына бөлініп берілген тапсырмаларды өте жоғары деңгейде дайындап өткізді. Мерекені 2-сынып ұлдары “Қамшы” биімен ашты. Ұлдар өте әдемі қимылдар жасап, биді өз деңгейінде орындап шықты. Одан кейін құттықтау сөз кезегін мектеп директоры Ақторғай Мауленовна мен Ұлағатты зейнеткер ұстаз Айтжамал Апешовнаға беріліп өз жылы лебіздерін білдіріп, шашуларын шашты. 2 – сынып ата – аналарынан құралған “Әжелер” тобы “Еркем – ай” әнін домбыраның сүйемелдеуімен өте тамаша орындады. "Жауынмен жер көгерер, батамен ер көгерер" деп аталарымыз айтпақшы, бата беру - адал ниет, тілек білдірудің ұлттық дәстүрі. Қазақ халқы батадан қуат алып, ізгі сөздерге қанығып, оның құдіретіне сенеді. 22 наурызда үлкен кішіге бата береді. Біздің мерекемізге де бар баланы қуанышқа бөлеп “Қыдыр ата” келіп, барша балалар мен қонақтар қауымына өз батасын берді. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан, өнерлілер мен шеберлерді ұйымдастыра білген сынып жетекшілер қауымына да айтар алғысым шексіз! Атап айтар болсақ, мектепалды даярлық сынып мұғалімі Ботагоз Сайлаубаевна өзінің кішкентай шәкірттерін мың бұралта билетіп, өзге ұлт өкілдерінің балаларына қазақша тақпақтарды айрықша айтқыза білді. Ал 1 - сынып жетекшісі Ақмарал Болегеновна өскелең ұрпақтың бойына салт – дәстүрді дарыта отырып “Тұсау кесу” дәстүрін жоғары дәрежеде ұйымдастырып, көрсете білді. 1 - сынып оқушысы Кәріп Аяулым халық әні “Илигайды” өзінің сүйкімді дауысымен шырқап берді, ал сыныптас қыздары ұлттық аспаптармен сүйемелдеп отырды. Аяулымға ақ жол тілейміз. Әрдайым биік шыңдардан көріне берсін демекпін. 3 – сынып жетекшісі Кулмайра Кошановна өз қыздары мен ұлдарын мың бұралта билетіп, әдемі би көрінісін жасады. Кулмайра Кошановна сонымен қатар өзінің әсем дауысымен ән шырқап, елді тәнті етті. Сонымен қатар осы сыныптың ата – анасы Имаканов Сырлыбай ағай ұл балалармен “Арқан тартыс” ойынын өте мықты шеберлікпен өткізді. Ұлдар құлшына, қызыға қатысты. Бұл ұлттық ойындарға деген қызығушылықтың зор екенін білдіреді. Ал, 4 – сынып жетекшісі Гүлден Ораловна өз шәкірттеріне “Айтыс” жарысын үйретіп, бойларында ұлттық рухты дарыта білгені көрініп – ақ тұрды. Олар айтыс жарысына өте қызығушылықпен қатысты. Әдемі айтыс өтті. Сонымен қатар қыздары мың бұрала билесе, ұлдары “Қазақ күресінің” қысқаша элементтерін көрсете білді. Мерекені 2– сынып қыздары “Көктем келді” әнімен тәмамдады. Концертке қонақ болып келген Ерік ағай мен Анар апай “ Күміс құмған-ай” әнін барша қонақтарға шашу етті. Өте әдемі мерекелік кеш өтті деп ойлаймын. Мерекемізді дәстүрлі қазақы дастархан басында жалғастыруды жөн көрдік. Қазақ халқы әрдайым мерекеміздің басты тағамы наурызкөженің дәмді жасалуын қадағалап,
дастарханның мол болуын қалайды. Өйткені жыл басын молшылықта қарсы алса, жыл бойы тоқшылық болады деп ырымдайды. Сол себеппен мерекеге арнайы жасалған дастархан басына оқушылар мен ата – аналар жайғасты. Наурызкөже, кымыздан ауыз тиіп, ауылдың алты ауызын шырқап тарасты. Балалар әртүрлі спорттық іс – шараларға қатысты. Сонымен қатар мерекеміздің тамаша өтуіне ат салысқан директордың тәрбие ісі меңгерушісі Айгуль Хамидулловна мен Кәсіподақ ұйымының төрағасы Салтанат Мерекеевнаға, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Алтынбек Дағыстанұлына айтар алғысым шексіз. Сіздерге еңбектеріңізге толағай табыс, шығармашылық жетістіктеріңіз мол болсын демекпін.!!!
Мінекей, мектебімізде Наурыз мерекесі осылай атап өтілді. Салт – дәстүрден көрініс көрсету, халық әндерін айту, күй шерту шарттары өткенімізді жаңғырту, ұлттық өнерімізді дәріптеу мақсатында қойылған болатын. Ең бастысы, шәкірттердің бойына мерекені тойлау барысында ұлттық құндылықтарымызды сіңіре алдық деген ойдамыз.
Өткізген: бастауыш сынып мұғалімі Доненбаева Алма Ергалиевна